ШҚО-да қыс басталғалы бері 70 мың текше метр қар шығарылды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында қыс басталғалы бері 70 мың текше метр қар шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Биыл өңірде қар қалың түсті.
Облыстың Күршім ауданында қар жамылғысының биіктігі 70 см-ден асқан. Алтай ауданында 31-49 см, Глубокое ауданында 31-ден 58 см аралығында.
ШҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатына қатысқан Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппараты жұмылдыру дайындығы бөлімінің басшысы Еркен Сәрсембиновтің айтуынша, қар шығару жұмыстары белсенді жүргізілуде.
Қыс басталғалы 70 мың текше метрден астам қар шығарылған.
«Су тасқыны кезеңіне де дайындық жасалуда. Су тасқынына қарсы бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес 2022 жылы жергілікті бюджет есебінен жалпы сомасы 166 млн 688 мың теңгеге 9 шара жүзеге асырылды. 2023 жылға Зайсан ауданының Жарлы өзені арнасын тазарту, Глубокое ауданының Черемшанка ауылындағы Үлбі өзенінде және Катонқарағай ауданының Сарымсақты өзенінде жағалауды нығайту жұмыстары жоспарланған. Шығыс Қазақстан 71 елді мекен жылда су басу қаупіне ұшырайтын. Қазір 15 ауылда қауіп жойылып, 46-сында барынша азайтылды», - дейді ШҚО ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Ерлан Балтабаев.