ШҚО-да қызметтік көлігін жеке мақсатта пайдаланған шенеунік жұмыстан шығарылмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат  - ШҚО-да Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында Ертіс бассейндік инспекциясының басшысы Рысбек Сүлейменовке қатысты тәртіптік іс қаралды. Бұл туралы altaynews.kz сайты хабарлады.
None
None

Кеңес мүшелері Рысбек Сүлейменовтің өз қызметтік көлігін жеке мақсаттарға, нақты айтқанда, отбасы мүшелерін тасуға пайдаланғандығы туралы мәселені қарады. Сондай-ақ ол тиісті құжаттарға қол қойып, оған сәйкес, Ертіс бассейндік инспекциясында жүргізуші болып жұмыс істейтін күйеу баласы өзге әріптестеріне қарағанда екі есе көп сыйақы алған. Бұдан басқа, тағы бір туысын өз ведомствосына жоғары лауазымға тағайындаған. Басшының бұл әрекеттерін инспекция қызметкерлері өздері әшкере қылған.

«Рысбек Сүлейменов өзіне тағылған айыптарды мойындамай, керісінше өзін қорғауға бағытталған бірқатар дәлелдерді келтіріп баққанымен, онысы кеңес мүшелерінің шешімін өзгертуге негіз бола алмады. Ол өз сөзінде қажетті дәлелдерді жинау қағидатының бұзылғанын айтып, қызметтік көлікке бейнебақылау орнатудың заңсыз екендігін алға тартты. Ал Наурыз мерекесіне орай туған қарындасының күйеуінің 50 мың теңге сыйақы алуын, жалақыға үстеме қосуды ол емес, комиссия мүшелері қабылдайтынын айтып, ақталды. Алайда, комиссия мүшелерінің бәрі оның қоластындағы қызметкерлері екендігін жасыра алмады», - деп жазады портал.

Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері мемлекеттік қызметшінің қызметіндегі басты кемшілік -  ұжымдағы моральдық-психологиялық жағдайдың тым ушығып кеткендігін атады. Мекеме қызметкерлері жұмыспен емес, керісінше бірін-бірі аңдумен, ішкі қақтығыстармен айналысып кеткен. Сондықтан мекеме басшысы атқарып отырған қызметіне мүлдем сәйкес емес деген қорытындыға келді. Осыған орай Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Ермек Көшербаевтың атына шенеунікті қызметінен босату туралы ұсыныс жолданды.

Кеңесте бұдан өзге, үстіміздегі жылдың 7 тамызында өткен Әдеп жөніндегі кеңес шешімдерінің орындалу жайы да қаралды. Мәселен, Жарма аудандық Әдеп комиссиясының төрағасы мен комиссия мүшелері тәртіптік жаза алса, Өскемен қалалық әкімдігінің екі бөлім басшысына сөгіс беріліп, қызметіне толық сәйкес еместігі айтылды.

 

Соңғы жаңалықтар