ШҚО-да ломбард қызметкері 3 млн теңгені жымқырған

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданында 3 млн теңгені жымқырған ломбард қызметкері ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-да ломбард қызметкері 3 млн теңгені жымқырған

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Аягөз аудандық полиция бөлімінің «102» жедел арнасына 41 жастағы тұрғын хабарласқан. Өз сөзінде ол ломбардта жұмыс істейтін 31 жастағы сарапшы-бағалаушының 2020 жылдың басынан бастап 2021 жылдың сәуіріне дейін 3 100 000 теңгеден астам сомадағы ақшаны жымқырғанын айтты.

«Осыған орай полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, күдіктіні қолға түсірді. Іс бойынша ноутбук пен түбіртектер тәркіленді», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігінің 1-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.