ШҚО-да мал ұрлаған 49 адам ұсталды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 2021 жылы мал ұрлығы 14 пайызға азайған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-да мал ұрлаған 49 адам ұсталды

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары мал ұрлығының алдын алу бойынша бірқатар шараны қолға алған. Соның нәтижесінде биыл өңірдегі мал ұрлығы 14% төмендеді.

«Көбінесе барымташылар малды еркін жайылымнан ұрлайды. Ал кейбір жағдайларда алысқа жайылған мал жоғалып кеткен. Мұндай өтініштер бойынша полицейлер дер кезінде көмек көрсетіп, іздеу жұмыстарын жүргізеді», - делінген хабарламада.

Осы жылы мал ұрлаған 49 адам ұсталып, 6 қылмыстық топтың жолы кесілді. Сондай-ақ 500-ден астам мал иелеріне қайтарылған.

«Облыс бойынша қараусыз қалған малға арналған 277 айыппұл тұрағы құрылған. Онда 8 мыңға жуық мал басы қамалып, 2 мыңнан астам тұрғын ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - делінген ақпаратта.