ШҚО-да мамандар 28 елді мекенді су басу қаупінің алдын алды

су тасқыны
Фото: Үкімет

АСТАНА. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысының «Қазсушар» филиалы 37 мыңнан астам тұрғыны бар 28 елді мекенді су басу қаупінің алдын алды. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева айтып берді.

«Су қоймаларында тасқын суын қабылдау үшін алдын ала бос орын дайындалып, суды өзендерге бұру мақсатында 10 бөгет салынды. Сондай-ақ, суды арналар арқылы бұру шаралары ұйымдастырылды. Жалпы ұзындығы 20 шақырым болатын 10 магистральдық канал механикалық әдіспен тазаланды», - деді Мөлдір Әбдуалиева Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Бүгінгі таңда еліміздің оңтүстігі мен батысында суару маусымына қарқынды дайындық жүріп жатыр. Министрлік ауылшаруашылық алқаптарына су беруді жақсарту үшін алты аймақта суару арналарын тазартады.

Атап айтқанда, Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналының суару желілері, сондай-ақ Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Түркістан және Жетісу облыстарындағы суару арналары тазартылып жатыр.

«Биыл жоспарланған 564 шақырымның 390 шақырымнан астамы тазартылды, сондай-ақ Қазақстанның 8 өңірінде: Жетісу, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Қарағанды, Түркістан облыстарында, БҚО және ШҚО-да 74 гидротехникалық құрылысты жөндеу жоспарланған», - деді спикер.

Соңғы жаңалықтар