ШҚО-да машинист опырыла құлаған топырақтың астында қалып қойды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Риддер кен байыту комбинатының Тинишскі кенішінде опырыла құлаған топырақтың астынан жүк тиегіштің жүргізушісі іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға орнында жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, жедел штаб қызметкерлері жұмыс жасауда.
Мамандардың пікірінше, жақын маңда тиеп-жеткізумен айналысқан машинист ұзындығы 15 метрлік тау-кен массасы үйіндісінің астында қалып қоюы мүмкін. Әзірге зардап шеккен азаматпен байланыс орнатылған жоқ.
Төтенше жағдай орнында жедел штаб жасақталды. «Қазцинктің» баспасөз қызметі жаңа мағлұматтар пайда болған бойда хабар берілетінін мәлімдеді.
Фото: kazzinc.com