ШҚО-да медицина қызметінің сапасына қатысты 900-ге жуық шағым түсті
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері медициналық қызмет сапасына қатысты 900-ге жуық шағым түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстағы медициналық мекемелерде науқастарға биыл 32 998 ота жасалған. Оның ішінде жоғары технологиялық ота саны – 184. Бұл жайлы ШҚО Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшысы Ғалымжан Әбілов мәлім етті.
«Шығыс Қазақстан халқына медициналық көмек көрсетуге 2022 жылы 71,3 млрд теңге бөлінген. Осы жылдың алты айында 500 мыңнан астам зертханалық зерттеу, 255 мың аспаптық диагностика жүргізілді. Арнайы мониторинг нәтижелері бойынша медициналық мекемелерде 27 мың бұзушылық анықталды. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы – 486 млн теңгені құрап отыр», - деді ол.
Пациенттерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге ерекше назар аударылуда. 2022 жылы амбулаториялық дәрімен қамтуға 5,9 млрд теңге бөлінген.
«Қор жұмысының басты бағыттарының бірі – халықпен кері байланыс орнату және пациенттердің құқығын қорғау. Жыл басынан бері бізге тұрғындардан 22 949 өтініш келіп түсті. Оның ішінде 889-ы – арыз шағым. Әр шағым бойынша тексеру жүргізіліп, тиісті шара қабылданды», - деді Ғалымжан Әбілов.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да тегін дәрі-дәрмекпен қамтылған науқас саны 1,5 есе артқанын хабарлаған едік.