ШҚО-да медицина нысандарын салуға 80 млн теңге бөлінді
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында осы жылы медицина нысандарын салуға 80 млн теңге бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметіне сүйенсек, биыл өңір бойынша 10 медицина нысанының құрылысы жүргізіледі.
«Бүгінгі таңда төрт нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген. Ал алтауында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Риддер қаласында көпсалалы аурухана кешені, Семейде мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту орталығы, Өскеменде гематологиялық орталық, Күршім ауданы Қалжыр ауылында және Үржар ауданы Қаратұма ауылында дәрігерлік амбулатория салынып жатыр. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған медициналық орталығының ғимараты жаңғыртылуда», - дейді басқарма бастығының орынбасары Әлішер Бекен.
Оның айтуынша, Үржар, Ұлан және Глубокое аудандарында салынатын емхана мен дәрігерлік амбулаторияның жобасы дайындалды. Жалпы осы жылы облыста медицина нысандарын салуға 80 млн теңге бөлінген.
Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Өскеменде халықаралық стандартқа сай келетін теннис орталығы ашылғанын хабарлаған едік.