ШҚО-да медицина қызметкерлері пациенттерге есірткісі бар дәрі өткізген

АСТАНА. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында дәрілердің заңсыз айналымы бойынша 3 қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды облыс прокуратурасының баспасөз қызметі.

Үндістанда дәрігерлерге түсінікті рецепт жазу міндеттелді
Фото: The Morning

Дәрілік заттардың айналымы кезіндегі құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу жұмыстары құқық қорғау және уәкілетті органдармен өзара іс-қимылда жүзеге асырылады.

— Облыс прокуратурасының үйлестіруімен 2025–2026 жылдар аралығында прекурсорлардың заңсыз айналымы фактілері бойынша 3 қылмыстық іс қозғалып, 21 әкімшілік хаттама толтырылды, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 4 млн теңгеден асты, — делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, Өскемен қаласында «Wildberries» маркетплейсі арқылы арықтауға арналған дәрі ниетімен күшті әсер ететін заттарды заңсыз сату ісі тергеліп жатыр.

Ал Зайсан ауданында медициналық ұйым қызметкерлерінің пациенттерге құрамында есірткі бар рецепттік препараттарды өткізу фактісі анықталды.

Облыс прокуратурасы дәрі-дәрмектерді бақылаусыз қабылдау мен өз бетінше емделу азаматтардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретінін ескертеді және медицина қызметкерлерін дәрі-дәрмектерді босату ережелерін қатаң сақтауға, ал ата-аналарды дәрігердің тағайындауынсыз препараттарды сатып алудан бас тартуға шақырады.

Осыдан бұрын ШҚО тұрғыны үйінде 35 келі қарасора өсіргенін жаздық.