12:19, 07 Мамыр 2023 | GMT +5
ШҚО-да мектеп оқушылары армрестлингтен Азия чемпионы атанды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданындағы 7-сынып оқушылары армрестлингтен Азия чемпионы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Ақпарат орталығының мәліметіне сүйенсек, Күршім ауданында жас чемпиондар Төрежан Қазбеков пен Алдияр Құмарғазыны жерлестері қошеметпен қарсы алды.
7-сынып оқушылары Дубайда өткен армрестлингтен Азия чемпионатында алтын алып қайтты.

Оқушылар наурыз айында республика чемпионатында Шығыс Қазақстан облысы құрамасы сапында өнер көрсетіп, жеңімпазы атанған болатын. Содан кейін олар Азия чемпионатына жолдама алды.
«Дүбірлі додада ел атынан шыққан спортшылар өздеріне артылған үмітті ақтап, жеңіс тұғырынан көрінді. Жерлестері спортшыларды мақтанышпен қарсы алып, жаттықтырушы Заңғар Ашмановқа алғыстарын білдірді», - делінген хабарламада.