ШҚО-да мотоцикл тізгініне отырған 13 жастағы қыз қаза болды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында мотоцикл айдаған 13 жастағы қыз көз жұмды.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, кәмелетке толмаған екі бала мотоциклмен келе жатып, тұрғын үйдің жанындағы бағанаға жылқыны байлап тұрған арқанға соғылған.
- Соның салдарынан мотоцикл тізгінінде отырған 13 жастағы қыз ауыр жарақат алып, оқиға орнында көз жұмды. Ал 15 жастағы жолаушы қыз ауруханаға жеткізілді, - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Жеткіншектің қаза болуына байланысты Риддер қалалық полиция бөлімі қылмыстық іс қозғаған.
- Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жылқының иесі анықталып, полиция бөліміне жеткізілді, - делінген ақпаратта.
Еске салсақ, осыған дейін Талдықорғанда жол апатынан бір адам қаза тауып, үш адам жарақат алғаны хабарланған.