ШҚО-да Мұхтар Әуезовке ескерткіш орнатылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданында «Tуған жер» бағдарламасы аясында заңғар жазушы Мұхтар Әуезовке ескерткіш орнатылды, деп хабарлады Хабар24.kz.
1967 жылы қаламгердің 70 жылдығы тұсында Бақыршық кентіне жазушының есімі берілген. Әуезовтың өзі де осы ауданда бірнеше рет болып, қарапайым еңбек адамдары туралы очерктер жазған болатын. Мыстан жасалған мүсіннің биіктігі тұғырымен алғанда 6 метр. Жас мүсінші Нұрбол Қалиев бұл туындыға бірнеше ай уақытын жұмсапты.
Айта кетейік, жобаға демеушілік жасаған адам - Әуезов кентінің тумасы, қазір Ресейдің Түмен облысындағы кәсіпкер Оразхан Қалиев.
«Жарманың өзі Зере апамыздың жері. Келе жатқанда Абай романының көріністері көз алдымда. Қазақтың Ұлы даласы. Мұхтар Әуезовтың жер жүзінде, көптеген жерде мүсіндері бар. Ал енді мынаның орны ерекше. Сондықтан әрине мен үшін үлкен қуаныш. Оған куә болып тұрған осындағы тұрғындар. Осы мүсін арқылы осындағы тұрғындар, Әуез кенттің тұрғындарын өзімнің бауырым ретінде сезінемін»,-деді мәдениеттанушы Мұрат Әуезов.