ШҚО-да мұқтаж отбасылар тұратын 1300-ден астам үйде өрт қауіпсіздігі ережелері сақталмаған
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында әлеуметтік тұрғыда осал санаттағы отбасылар тұратын 1300-ден астам жер үйде өрт қауіпсіздігі ережелері сақталмаған.
ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір аумағында өрт қауіпсіздігі айлығы өткізіліп жатыр.
«Жыл сайын жылыту кезеңінде облыста 300-ге жуық өрт болады. Көп жағдайда оттың шығу себебі – қауіпсіздік ережелерінің сақталмауынан. Соған орай айлық аясында халыққа жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бірінші кезекте әлеуметтік тұрғыда осал санаттағы отбасылар тұратын үйлер тексерілді», - дейді ШҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов.
Құтқарушылар барлығы 3101 үйге барды. Нәтижесінде, 1304 үйде өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылғандығы анықталды. Оның ішінде 597-і пешпен жылытуға байланысты, 515-і электр жабдықтарын талапқа сай пайдаланбау, 198-і басқа себептер. Жеке тұрғын үй секторында айлықты өткізуге қатысу үшін азаматтық қорғау органдарынан басқа аудандық полиция бөлімдерінің қызметкерлері, еріктілер және жергілікті атқарушы органдар жұмылдырылған.
Үйлерді аралау барысында улы газды анықтайтын датчиктер орнатылып жатыр. Соңғы жылдары өңірде барлығы 15 мыңға жуық датчик орнатылған. Олар 42 адамның, оның ішінде 32 баланың өмірін сақтап қалды.