ШҚО-да Наурызға орай 300-ден астам шара өтті
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында Ұлыстың ұлы күні кең көлемде атап өтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әз-Наурызға орай облыстың барлық қалалары мен аудандарында жаппай мерекелік шаралар өтті.
Үржар ауданында Наурыз мейрамына арналған мәдени-көпшілік, спорттық іс-шаралар өтті. «Армысың, әз Наурыз!» атты басты мерекелік шара 22 наурыз күні аудан орталығы – Үржар ауылында болды.
Тәуелсіздік алаңында ұлттық нақыштағы қазақы үйлер орналастырылды. Шара «Ұлыс күні үкілі Үржарда!» театрландырылған қойылыммен басталды. Киіз үйлерге «Хан батыр Қабанбай 330 жыл», «Дінмұхамед Қонаевтың 110 жылдығы», «Ән падишасы – Роза Бағланова», «Мұхтар әуезовтың туғанына 125 жыл», «Ұлт ұстазы - Ахмет Байтұрсынов», «Әсет Найманбайұлының 155 жылдығы», Балалар жылына орай «Бала – біздің болашағымыз», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне 30 жыл» тақырыбында атаулар беріліп, безендірілді.

«Үржар барысы» атты қазақша күрестен аудандық турнир, алтыбақан тебу, «Наурыз дода» гір көтеру және басқа да ұлттық ойын түрлерінен жарыстар өтіп, «Наурыз-олжа» мерекелік жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Глубокое ауданында жергілікті жұртқа концерт қойылды. Саз мектебінің оқушылары мен ұстаздары халыққа қазақтың әдет-ғұрыптарының бірі «Тұсау кесу» рәсімін көрсетті. Сондай-ақ әйелдер арасында Наурыз көже пісіруден сайыс өткізілді.
Марқакөл ауылдық округінде тұрғындарға арнап орталық алаңға үлкен дастархан жайылды. Оның басты сәні – наурыз көже болды. Мұнда киіз үй қалашығы, дәстүрлі арқан тартыс және этномәдени бірлестіктердің қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылды.
Айта кетейік, жалпы облыс бойынша Ұлыстың ұлы күніне арналған 300-ден астам шара өтті.





