ШҚО-да нысандардың қысқа дайындығы 50 пайыздан асса да, үйлердің әзірлігі ақсап тұр
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Сәт санап жылыту маусымының басталуы жақындап келеді. Алайда Шығыс Қазақстан облысындағы көпқабатты тұрғын үйлердің басым бөлігі қыс мезгіліне дайындық сынағынан әлі өтпеген.
Облыс бойынша жылыту маусымына дайындық деңгейі 50 пайыздан асып отыр. Десе де көпқабатты үйлердің әзірлігі мәз емес.
3 мыңнан астам көпқабатты үйдің тек әр бесіншісі ғана сыннан сүрінбей өткен. Бұл дегеніміз, мыңдаған отбасы күздің алғашқы суығын жылусыз қарсы алуы мүмкін. Энергетика саласындағы мамандардың айтуынша, дайындықты күзге ысыра беретіндердің жылуға кешеуілдеп қосылуы ғажап емес.
Ал энергетикалық нысандардағы жағдай тұрақты. Жылу электр орталықтарының дайындығы — 47%. Қазандықтар мен турбоагрегаттар бойынша көрсеткіш 46–48% аралығында. Су электр станцияларында жөндеу жұмыстарының жартысына жуығы орындалған.
— 537 шақырым электр желісінің 199 шақырымы күрделі жөндеуден өтті. 39 қосалқы станцияның 22-сі жаңғыртылды. Автономды қазандықтар бойынша дайындық 59%, — дейді облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары Рауан Тұрысбек.
Еске салсақ, осыған дейін Шығыс Қазақстанда кәріз жүйелерінің жартысынан астамы тозып тұрғаны хабарланған.