ШҚО-да өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменті басшысының басы дауға қалды

ӨСКЕМЕН.  KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысындағы өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің басшысына қызметтік өкілеттілігін теріс пайдалану бойынша айып тағылып отыр.

ШҚО-да өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменті басшысының басы дауға қалды
Фото: polisia.kz

Бұл ведомство тау-кен, металлургия, мұнай-химия және басқа да өндіріс салаларындағы кәсіпорындарда мемлекеттік бақылауды қамтамасыз етеді. Бірақ департамент басшысының сол қауіпсіздікті қамтамасыз етпегені анықталды. Тексерістерден кейін ол талапқа сай емес кеніштердегі жұмысты тоқтатпаған.

– Өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін уақтылы шаралар қабылдамау - жұмысшылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Кеніштерде позициялау жүйесі болмаған. Бұл әртүрлі датчиктер мен трекерлерден тұратын технологиялық шешім, олар шахтерлердің жер асты жағдайында орналасқан орнын анықтауға мүмкіндік береді. Төтенше жағдай кезінде ол адамның қай жерде екенін біліп, табуға көмектеседі. Ал құтқарушылар оны жедел эвакуациялайды, - деп хабарлады Антикордан.

Дегенмен, қолданыстағы ережелерге сәйкес, позициялау жүйесінің болмауы кәсіпорындардың жұмысын тоқтатудың себебі бола алмайды. Антикор және ТЖМ өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті бұл ережені кәсіпорындардағы жұмыстарды тоқтатуға тыйым салатын елеулі бұзушылықтарға жатқызуды жоспарлап отыр.

Ал облыстық департамент басшысының әрекетіне қатысты құқықтық бағаны сот береді. Алғашқы сот отырысы 18 қарашаға белгіленген. Егер шенеуніктің кінәсі дәлелденсе, ҚР ҚК-нің 361-бабы 1-бөлігі бойынша оған 2 000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады немесе 2 жылға бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы тағайындалады.

Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-дағы аурухана мемлекеттік сатып алу порталында әдейі қателік жіберіп келгені хабарланған.

Соңғы жаңалықтар