ШҚО-да өңір колледждеріне оқуға түскен оқушылар саны артып келеді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – ШҚО-да техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту бойынша үш жылдық бағдарлама жүзеге асырылуда. Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің төрағалығымен өткен әкімдік отырысында осы бағдарлама шеңберінде атқарылып жатқан шаралар талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-да өңір колледждеріне оқуға түскен оқушылар саны артып келеді

2020 жылдан бастап аймақтағы 59 колледжде 79 мамандық бойынша маман даярлау екі деңгейлі оқыту моделі бойынша жүргізіліп келеді. Бұл түлектерге бірден 3 мамандық бойынша біліктілік алуға мүмкіндік береді

«Бүгінгі таңда 58 колледжде дуалды оқыту белсенді түрде іске асуда. 714 кәсіпорынмен 4230 шарт жасалды. Соның аясында түлектер жұмысқа орналасу мүмкіндігімен іс-тәжірибеден өтеді, – деді ШҚО Білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова.

Бағдарлама аясында грант көлемі жыл сайын 10%-ға артып отыр. Нәтижесінде оқушылар арасында өңір колледждеріне түсетіндердің саны артуда. Мәселен, 2018 жылы ШҚО колледждеріне 5828 студент түссе, өткен жылы бұл көрсеткіш 6215-ке жеткен.

Жалпы өткен оқу жылында 14 колледж үшін 144,6 млн теңгеге 32 жаңа модификация кабинеттері салынды. 5 жетекші оқу орнында WorldSkills стандарттарына сәйкес құзыреттілік орталықтары ашылды.

«Біз балаларды еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқытамыз. Түлектердің жұмысқа орналасу үлесін тағы да арттыру қажет«, - деп атап өтті ШҚО әкімі Даниал Ахметов.