ШҚО-да өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзған 31 адам жауапқа тартылды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзған 31 адам жауапқа тартылды.

өрт
Фото: ТЖМ

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңірде ауа райының күрт ысып, жауын-жашынның аз жаууына байланысты өрт қаупі арта түскен.

«Бүгінгі күні өрт қаупі жоғары кезең басталғалы облыс бойынша 6 орман өрті тіркелді. Сондай-ақ 12 дала өрті шығып, жалын шарпыған аумақтың жалпы көлемі 39,4 гектар болды. Осы ретте құтқарушылар, полиция қызметкерлері және жергілікті атқарушы орган өкілдері бірлесіп профилактикалық рейдтер жүргізіп жатыр», - делінген ақпаратта.

Барлығы 50 мобильді топ жұмыс істеп жатыр. Уақытылы жүргізілген алдын алу шараларының арқасында өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзған 31 адам анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қазір облыстағы Алтай, Марқакөл, Катонқарағай, Үлкен Нарын аудандарында 2-дәрежелі өрт қаупі бар. Ал Өскемен, Риддер қалаларында және Күршім, Самар аудандарында 3-дәрежелі өрт қаупі сақталып отыр.