ШҚО-да өрт ошақтарын жылдам анықтап отыру үшін дрондар іске қосылмақ

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында өрт ошақтарын жылдам анықтап отыру үшін дрондарды іске қосу көзделуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-да өрт ошақтарын жылдам анықтап отыру үшін дрондар іске қосылмақ
Фото: gov.kz

ШҚО әкімдігінде өткен жиналыста өңірдегі шағын авиацияны дамыту мүмкіндіктері талқыланды. Облыс әкімі Ермек Көшербаевтың айтуынша, Шығыс Қазақстанды шағын авиация орталығы атандыру үшін барлық мүмкіндік бар.

«Шалғай аудандарға әуе рейстерін қалпына келтіріп, ауыл, орман шаруашылықтарында, медицинада, түрлі іздестіру-құтқару операцияларында және төтенше жағдайларда ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалануымыз қажет. Әсіресе алық шаруашылығында дрондарды пайдалану өте тиімді болады. Оларды шегірткелермен күресуде, пестицидтермен емдеуде, аэрофототүсірілімде, гидроқұрылыстардың мониторингінде қолдану керек. Сондай-ақ бұл өрт ошақтарын анықтап отыруда таптырмас құрал. Технология соңғы 10 жылда ілгерілеп кетті. Біз де заман ағымымен бірге жүріп отыруға тиіспіз», – дейді аймақ басшысы.

Осындай жобаның тұжырымдамасы мен жоспарын әзірлеу үшін Өскеменге «Қазақстан инжиниринг ҰК» АҚ мамандары шақырылды.