ШҚО-да өрт сөндірушілер газ баллонын жарылудан сақтап қалды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Бүгін түнгі үште Шар қаласындағы Амангелді көшесінде орналасқан үйде өрт тұтанып, өрт сөндірушілер газ баллонын жарылудан сақтап қалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА ШҚО ТЖД-не сілтеме жасап.
«Үйде ешкім болмаған, өрт тұтанғаны туралы хабарды көршісі жеткізді. Өрт сөндірушілер шұғыл жеткенде жалын үйдің шатырын шарпыған еді. Жігіттер бірден үйдің ішіне еніп, асханадан газ баллонын тапты. Оны лезде сыртқа шығарып, артынша өртті толығымен сөндірді. Өрттен үйдің тек шатырына залал келді. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ», - дейді төтенше жағдай департаментіндегілер.
Жалын 80 шаршы метр ауданды шарпыған. Оқыс оқиғаға электр приборлары немесе жылу пештерін пайдалануда өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауы себеп болуы мүмкін.