ШҚО-да өрттің алдын алу үшін құтқарушылар дрон арқылы бақылау жасауда

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары дала өртінің алдын алу үшін дрон арқылы бақылау жасауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өрт қаупі жоғары кезең басталғалы бері өңірде шөп жануы күрт өсті. Облыста бір тәулік ішінде 30-ға жуық дала өрті ауыздықталуда. Құтқарушылар тілсіз жаумен күреске осы айдың басынан 100 тоннадан астам су жұмсаған.

«Жағдайды тұрақтандыру және халыққа өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіру үшін мамандар саяжай учаскелері бойынша профилактикалық рейд жүргізуде. Сондай-ақ құтқарушылар ұшқышсыз ұшу аппаратын пайдалануда. 200 метр биіктікке көтерілетін дрон жалын шыққан жерді тез табады. Осының арқасында өртті жан-жаққа жайылмай тұрып жылдам өшіруге мүмкіндік бар. Экран арқылы 2,5-3 шақырым қашықтықтағы алаңды бақылауға болады», - делінген ақпаратта.

Осы ретте, департамент мамандары өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзған адамға ҚР ӘҚБтК-нің 336-бабына сәйкес 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынатындығын ескертті.



Соңғы жаңалықтар