ШҚО-да осы айда 100-ден астам рет шөп пен қоқыс өртенді

ШҚО ТЖД
Фото: ШҚО ТЖД

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында өрт қаупі жоғары кезең басталғалы бері 100-ден астам рет шөп пен қоқыс өртенді.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңірде сәуір айының ортасынан өрт қаупі жоғары кезең басталды. Содан бері 100-ден астам рет шөп пен қоқыс өртенген. Жалын шығуының негізгі себептері – өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу және азаматтардың отпен абайсыз әрекет етуі. 

ШҚО ТЖД
Фото: ШҚО ТЖД

«Облыста өрттің алдын алу үшін 239 адамнан тұратын 40 мобильді топ құрылды. Олардың қатарына өрт сөндірушілер, жергілікті атқарушы органдар, полицейлер мен орманшылар кіріп отыр. Мобильді топтар өрт қаупі жоғары кезең басталғалы 58 рейд өткізіп, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаған 4 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты», - делінген ақпаратта.

Мәселен, Риддер қаласында тракторшы қураған ағашты өртеп, жалын әп-сәтте жайылып кеткен. Жақын жерде болған орманшылар тілсіз жауды байқап қалып, дер кезінде сөндірді.

«Департамент мамандары шаруа қожалықтарының иелерімен, тұрғындармен, кәсіпорын басшыларымен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Барлығы 20 дөңгелек үстел, 22 кездесу, 92 нұсқаулық өткізді», - делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар