ШҚО-да өзен-көл жағалауында ішімдік ішіп, мас болған 440 адамға айыппұл салынды
ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, құтқарушылар мен көліктік бақылау инспекциясының өкілдері бірлесіп шағын кемелерде қауіпсіздік шараларының сақталуы бойынша рейд өткізді.
Нәтижесінде, су мотоциклдерін тізгіндеген кезде ереже сақтамаған 6 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Маусым айынан бастап ҚР ӘҚБтК-нің 582-бабы 2-бөлігі бойынша 29 хаттама толтырылған.
«Департамент қызметкерлері биылғы жазда 3600-ден астам рет патрульдеуге және рейдке шықты. Ондағы мақсат – судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу. Полиция қызметкерлерімен бірлесіп рейд жүргізу кезінде 700-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған», - делінген ақпаратта.
Оның ішінде ҚР ӘҚБтК-нің 364-бабы (ортақ су пайдалану ережелерін бұзу) - 221 адам, 440-бабы (алкогольдік ішімдік ішу немесе қоғамдық орындарда мас болу) - 531 азамат, 582-бабы (кеме пайдалану ережелерін бұзу) бойынша - 17 адам жазаланды.