ШҚО-да өзендердегі мұз кептелісінің алдын алуға дрондар көмектеседі
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысындағы өзендерде мұз кептелісінің алдын алуға дрондар көмектеседі.

Облыс өзенге бай. Сондықтан ондағы мұз кептелуі су деңгейінің күрт көтерілуіне әкеліп соғады.
Жыл сайын осының алдын алу үшін мұзда жарылыс жұмыстары жүргізіледі. Бірақ бұл әдіс қоршаған ортаға, балық ресурстарына кері әсерін тигізеді. Оның үстіне бюджет шығынын да талап ететіні бар. Өткен жылы бұл шараларға 380 млн теңгедей жұмсалған.
Глубокое ауданына жұмыс сапарымен барған ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов жүк таситын дронды өзендерде пайдалану мүмкіндігін сөз етті.
Дрондарды қолдану тиімдірек әрі қауіпсіз болса, онда осы тәсілге көшкеніміз жөн деп есептеймін. Әуелі бәрін зерделеп алуымыз керек. Жақын күндері бұл әдісті ұсынысқа енгізіңіздер. Дронды мұз қата бастағанға дейін сатып алуымыз қажет, - деп тапсырды аймақ басшысы.
Сарапшылардың айтуынша, расымен құны 32 млн теңге тұратын жүк таситын дрон тиімді шешім. Ол тікұшақ шығындарын азайта отырып, кептелістерді болдырмауға және мұз жағдайын бақылауға мүмкіндік береді.
Еске салсақ, бұған дейін қостанайлық оқушы су тасқыны кезінде көпірлерді қираудан қорғайтын құрылғы әзірлегені хабарланған.