ШҚО-да пандемия басталғалы бері 24,5 мың адам коронавирус жұқтырған
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында пандемия басталғалы бері 24,5 мың адам коронавирус жұқтырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Онлайн форматта өткен баспасөз конференциясы барысында ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Омарбеков өңірдегі эпидемиологиялық жағдай туралы айтып берді.
«Пандемия басталғалы бері аймақта СOVID-19 инфекциясына шалдыққан 24,5 мың адам тіркелді. Бүгінгі таңда 3 544 инфекциялық төсек-орын бар. Оның 319-ы реанимациялық және 490-карантиндік. Стационарларда 350 науқас ем алуда. Үшеуінің жағдайы өте ауыр. Төрт пациент жасанды тыныс алу аппаратына және 23-өкпені инвазивті емес жасанды желдету құрылғысына қосылған. Инфекциялық стационардан 12 220 пациент жазылып шықса, 7 121 адам амбулаториялық ем алды», - деді ол.
Жыл басынан бері аймақта коронавирустан 25 адам қайтыс болған. Оның 22 фактісі Семей қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасында тіркелді. Сондықтан облыс әкімі Даниал Ахметовтың тапсырмасы бойынша, 23-25 сәуір аралығында науқастардың көз жұмуына байланысты арнайы жұмыс тобы Семейге аттанған болатын. Нәтижесінде жұқпалы аурулар ауруханасының жұмысындағы кемшіліктер анықталды. Осыған орай Семей қаласы әкімінің орынбасарына, Денсаулық сақтау басқармасы басшысының Семей бойынша орынбасарына, сондай-ақ жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігеріне «қатаң сөгіс» жарияланды.
Бүгіннен бастап Семейге облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Ілияс Мұхамеджан бастаған жұмыс тобы барып, қала «жасыл» аймаққа шыққанға дейін сол жерде жұмыс істейді.
Сонымен қатар Ермек Омарбеков ертеңнен бастап тәулік бойы үш КТ-аппарат жұмыс істейтінін айтты. 15 мамырға дейін істен шыққан аппараттарды жөндеу жоспарланып отыр.