ШҚО-да пандемия басталғалы вирус жұқтырғандардың 80%-ында симптомдар байқалды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында пандемия басталғалы бері вирус жұқтырғандардың 80%-ында симптомдар байқалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-да пандемия басталғалы вирус жұқтырғандардың 80%-ында симптомдар байқалды

ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңірде соңғы тәулікте COVID-19 инфекциясын жұқтырған 11 адам тіркелді. Оның ішіндегі 5 науқаста симптом бар болса, 6 адам сырқатты симптомсыз өткеруде.

«Жалпы пандемия басталғалы облыста 59 549 адам қауіпті дертке шалдыққан. Оның ішінде 47742 тұрғында, яғни 80 пайызында аурудың клиникалық белгілері байқалды. Науқастар саны жағынан Өскемен (22 117 адам) мен Семей (19 700) қалалары және Глубокое ауданы (2896) алдыңғы қатарда тұр», - делінген хабарламада.

Соңғы бір күнде 19 пациент коронавирустан толықтай сауығып шықты. Қазіргі уақытта аймақ бойынша стационар жағдайында 57 науқас ем-дом қабылдап жатыр. Жалпы Шығыс Қазақстандағы стационарларда төсек-орын жүктемесі – 2,9 пайызды құрайды.