ШҚО-да пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру дерегі бойынша 1 млрд теңгеден астам залал өндірілді
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында жер қойнауын заңсыз пайдалану фактісіне қатысты тергеу аяқталды. Қылмыстық іс материалдары сотқа жолданып, күдіктілердің заңсыз жолмен тапқан табысына сатып алған мүлкі тәркіленді.
Істің мән-жайын Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ШҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті Тергеу басқармасының басшысы Қуат Рахымбаев мәлім етті.
— Тиісті лицензиясыз пайдалы қазбаларды өндіру, тасымалдау және сату дерегі бойынша қылмыстық іс сотқа жолданды. Қылмыстық жолмен табылған ақшаға сатып алынған мүлік мемлекет кірісіне тәркіленді. Сонымен қатар 1 млрд 53 млн теңге көлеміндегі залалды өтеу туралы талап-арыз қанағаттандырылды, — деді ол.
Осы ретте, ведомство өкілдері Қазақстанда жер қойнауын өз бетінше пайдалану және тиісті рұқсат құжаттарынсыз шикізат саудалау ауыр экономикалық құқықбұзушылықтарға жататынын еске салды.
Мұндай әрекеттер үшін кінәлілердің мүлкі толық тәркіленіп, табиғат пен мемлекет бюджетіне келтірілген залал өндіріліп қана қоймай, бас бостандығынан айыруға дейінгі қылмыстық жаза көзделген.
Еске салсақ, осыған дейін Қазақстанда қатты пайдалы қазбаларға роялти енгізу 2029 жылға шегерілгені хабарланған.