ШҚО-да пешті пайдалану ережелерін сақтамау салдарынан 93 өрт шыққан
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері пешті пайдалану ережелерін сақтамау салдарынан 93 өрт шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, құтқарушылар тұрғын үй секторында болған өрттерге талдау жасады. Белгілі болғандай, өңір бойынша 93 өрт пешті пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамау салдарынан болған.
«Мәселен, 28 сәуірде Өскемен қаласындағы Часников көшесінде орналасқан жер үй өртенді. Жалпы ауданы 182 шаршы метрді құраған қызыл жалын шатыр мен төбе жабынының ағаш құрылымдарын шарпыды. Оқиға орнына шұғыл келіп жеткен ТЖД қызметкерлері тілсіз жауды толықтай ауыздықтады. Өрттің шығу себебі – пешті орнату және пайдалану кезінде қауіпсізді талаптарының бұзылуынан», - делінген ақпаратта.
Осы ретте, құтқарушылар тұрғындарға пештегі ақаудың салдарынан улы газ тарап, адам өліміне әкеліп соғуы мүмкін екендігін ескертеді.
Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін ШҚО құтқарушылары өрттің алдын алу үшін ғарыштан мониторинг жасап жатқанын хабарлаған едік.