ШҚО-да пиротехника сатылатын орындарға рейд жүргізіліп, 600-ге жуық өнім тәркіленді

Шығыс Қазақстан облысында пиротехника өнімдерін заңсыз сатуға жол бермес үшін арнайы рейдтер жүргізілуде, деп хабарлайды Kazinform.

Рейд
Фото: ШҚО ТЖД баспасөз қызметі

Өңір құтқарушылары мен полицейлері бірігіп, сертификатталмаған пиротехника өнімдері саудасына жол бермес үшін 60-қа жуық рейд жүргізді. Соның барысында саудагерлерде отшашуларды сатуға лицензияның бар-жоғы тексеріледі.

Облыс бойынша барлығы 43 рейдтік топ құрылған. Олар жіті тексеру жүргізіп, 559 дана контрафактілік өнімді тәркіленді. ҚР ӘҚБтК-нің 196-бабы 1-бөлігімен 13 хаттама толтырылды. Өскемен, Алтай, Риддер қалаларында, Күршім, Зайсан, Шемонаиха, Катонқарағай, Глубокое және Тарбағатай аудандарында заңсыз сауда нүктелері анықталды.

«Пиротехника саудасы күн сәулесі мен жауын-шашынның өнімдерге түсуін болдырмайтын дүкендерде, павильондарда және дүңгіршектерде рұқсат етіледі. Сол жерлер штаттан тыс жағдайларда адамдар эвакуациялана алатындай болуы тиіс және онда алғашқы өрт сөндіру құралдары болуы қажет», - дейді ШҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов.