ШҚО-да пиротехникалық өнімдерді заңсыз саудалағандарға қатысты 7 хаттама толтырылды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында пиротехникалық өнімдерді заңсыз саудалағандарға қатысты 7 хаттама толтырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, құтқарушылар мен полицейлер заңсыз саудаланған пиротехникаларды анықтау мақсатында сауда орындарына тексеру жүргізді.
Барлығы 120-ға жуық рейд жүргізілді. Соның нәтижесінде, 131 пиротехникалық өнім тәркіленіп, ҚР ӘҚБтК-нің 196-бабы 1-бөлігіне сәйкес 7 хаттама толтырылды. Заңсыз саудаланған пиротехникалық өнімдер Өскемен қаласында, Күршім, Зайсан және Шемонаиха аудандарында анықталған. Сатушылар рұқсат құжаттарының болмауын уақыттың тығыздығымен түсіндірді.
«Пиротехниканы сататын дүкендерде, павильондар мен дүңгіршектерде өнім талапқа сай сақталуы керек. Оған күн сәулесі мен жауын-шашын түспеуі қажет. Пиротехникалық өнімдер саудаға қойылған орындар өрт сөндіру құралдарымен жабдықталуы тиіс», - дейді ШҚО ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов.
Ашық көздерден алынған фото