ШҚО-да полиция қызметкері әріптесін өлтірді деген күдікпен қамауға алынды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданында полиция қызметкері көз жұмып, күдікті ретінде әріптесі қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-да полиция қызметкері әріптесін өлтірді деген күдікпен қамауға алынды

10 қазан күні «Алматы-Өскемен» тасжолының Ұлан ауданындағы учаскесінде қызмет бабында жүрген полицей көз жұмған.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 99-бабы 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

«Қазіргі уақытта тиісті сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Күдікті ретінде марқұммен бірге болған 36 жастағы әріптесі ұсталып, изоляторға қамауға алынды. Сол жерге облыс прокуроры, полиция департаментінің бастығы, ішкі қауіпсіздік басқармасының бастығы және ІІМ әкімшілік полиция комитетінің өкілі барды. Қылмыстық істің тергелуі ҚР Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауына алынған», - делінген ақпаратта.

Бейресми мәліметтерге сүйенсек, полицейдің денесі қызметтік көліктен табылған.