ШҚО-да полицейлер құқық бұзушылық туралы хабарлаған адамның өзіне айыппұл салған

Таразда 18 жастағы жүргізушіге бірден 5 айыппұл салынды
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданында ер адам көшедегі заңбұзушылықты байқап, полицейлерді шақыртқан. Алайда тәртіп сақшылары оның өзіне айыппұл салып тастаған.

Шемонаиха ауданының прокуратурасы құқық бұзушылық туралы хабарлаған азаматты негізсіз әкімшілік жауапкершілікке тарту фактісін анықтады.

Аудан тұрғыны қоғамдық орында алкогольдік ішімдік ішкен адамды көріп, полиция қызметкерлерін шақырған. Оқиға орнына келген полицейлер құқық бұзушыны ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты. Бірақ одан кейін өздерін шақырған азаматқа да еш негізсіз айыппұл салып тастаған. 

«Арызданушының азаматтық ұстанымы мен құқық қорғау органдарына көрсеткен көмегіне қарамастан, тәртіп сақшылары оны ҚР ӘҚБтК-нің 438-бабы 1-бөлігімен (арнайы қызметтерге көрінеу жалған қоңырау шалып, шақыру) жауапқа тартып, 103 500 теңге айыппұл салған. Шемонаиха ауданы прокуратурасының қаулысымен полицияның заңсыз қаулысы жойылып, тұрғынның құқықтары қалпына келтірілді», - деп хабарлады ШҚО прокуратурасынан.

Жалпы аудан прокуратурасы жыл басынан бері азаматтарды заңсыз әкімшілік жауапкершілікке тарту фактілері бойынша 9 азаматқа қатысты 1,1 миллион теңгеге полиция қызметкерлері қаулыларының күшін жойды. 

Соңғы жаңалықтар