ШҚО-да пойыз апатқа ұшырады
«Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамы баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, оқиға бүгін 08 сағат 15 минутта болған. Күшті желдің салдарынан станцияда тұрған жүк вагондары өздігінен орындарынан қозғалып, сол сәтте келіп қалған №3471 жүк пойызымен соқтығысқан.
Оқиға салдарынан локомотив пен 23 вагон рельстен шығып кеткен. Локомотивтен өрт шықты. Опат болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Оқиға болған жерге Балқаш, Ақтоғай станцияларынан қалпына келтіру және өрт сөндіруші пойыздар жөнелтілді. Оқиғаның себеп-салдарын тексеру үшін арнайы комиссия жолға шықты.
«Сонымен қатар, оқиға салдарынан «Нұр-Сұлтан Нұрлы жол – Достық» қатынасындағы №54 пойызы кешікті. Аталған пойыз жолаушыларының жол жүру құжаттарында (билеттерде) көрсетілген межелі жерлеріне жетуі үшін автобустармен тасымалдау ұйымдастырылуда»,-делінген Ұлттық компанияның хабарламасында.