ШҚО-да психикалық ауытқуы бар адамдар емделетін орталық ғимараты сүріледі
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы психикалық ауытқуы бар адамдар емделетін орталық ғимараты сүріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ұлан ауданының Жаңа Қанай ауылындағы психикалық денсаулық орталығының ғимараты тозып тұр. Ондағы корпустар науқастардың емделуіне және сонда жатуына жарамсыз. Әбден ескірген орталық заманауи талаптарға мүлдем сәйкес келмейді. Сондықтан ШҚО әкімдігі 1947 жылғы ғимаратты жөндеудің орнына сүріп тастау туралы шешім қабылдады.
«Орталық қамқорлық пен күтімді қажет ететін психикалық ауытқулары бар адамдарды емдеуге арналған. Шағын ауыл тұрғындарын жұмыспен де қамтып отыр. Ұйымда барлығы 102 адам жұмыс істейді, олардың барлығы Жаңа Қанай ауылының тұрғындары. Бұл үш дәрігер, 28 орта медицина қызметкер және 71 техникалық қызметкер. Жаңа Қанай ауылында барлығы 465 адам тұрады. Яғни, әр отбасының бір мүшесі осы орталықта қызмет етеді», - деп хабарлады облыс әкімдігінен.
Қазір мекемеде барлығы 125 пациент есепте тұр. Алайда корпустар осыншама көп адамды қабылдай алмайды.
Аймақ басшысы Ермек Көшербаев қысқа мерзімде бұл жерге жаңа нысан салу керектігін айтты. Ол аудан әкімдігі мен ШҚО Құрылыс басқармасына заманауи санитарлық және құрылыс нормаларына сәйкес келетін жобаны әзірлеуді тапсырды. Ғимарат бірқабатты және «П» әрпі түрінде болады.