ШҚО-да саңырауқұлақ теруге шығып, жоғалып кеткен адамды түні бойы іздеді
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Бородулиха ауданындағы қарағайлы орманға саңырауқұлақ теруге баратындар аз емес. Қарағайлар мен құмды төбелерде адасып кету оп-оңай. Саңырауқұлақ теруге шығып адасқан 54 жастағы ер адамды туыстары, орманшылар, полицейлер мен өрт сөндірушілер іздестірді.
«Қас қарайып кетсе де, олар адам жоғалған аумақтың 1 шақырым радиусын түгел шарлады, бірақ еш нәтиже шықпаған. 18 қыркүйек таңғы сағат 5-тен бастап іздеу жалғасты. Жоғалған адам итімен бірге болғандықтан олар із кесті. Алайда құмнан ешқандай із табылмаған», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Өрт сөндіру бөлімінің қызметкері Арман Қарымсақов учаскелік полиция қызметкерімен бірге басқа алаңда іздеу жұмыстарын жүргізу үшін жақын маңдағы елді мекенге барды. Мұнда олар «Семей-Рубцовск» тасжолының бойындағы Березовка шипажайының жанында итімен бірге жүрген азаматты көрген ауыл тұрғынын анықтады.
Көп ұзамай жоғалған адам сол жерден табылған.
Ер адам көлігін қойған жерден алысқа кетіп қалып адасқанын айтты. Түн кезінде орманда түнеуге мәжбүр болған.
Таңертең ол күн шыққан жаққа қарап, шығысқа қарай жылжыды. Қазір оның жағдайы бірқалыпты, медициналық көмек қажет емес.