ШҚО-да шектеу шаралары 20 наурызға дейін ұзартылды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында карантиндік шектеулер 20 наурызға дейін ұзартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-да шектеу шаралары 20 наурызға дейін ұзартылды

ШҚО бас мемлекеттік санитар дәрігерінің жаңа қаулысы жарияланды. Онда жазылғандай, өңірдегі шектеу шаралары 20 наурызға дейін ұзартылды.

«Банкет залдарында күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимді, термометрияны, маскалық режимді және әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, толтырылуы 30%-ға дейін, бірақ 50 адамнан аспаған кезде тек еске алу рәсімдерін өткізуге ғана рұқсат етіледі. Мектепке дейінгі мекемелерде бірнеше топ бүлдіршіндерін біріктіретін іс-шараларды өткізуге тыйым салынған», - делінген құжатта.

Оқыту форматына қатысты айтар болсақ, жалпы білім беретін мектептерде 0-5 сынып аралығында, халықаралық мектептерде 1 сыныптан 7 сыныпқа дейін қоса алғанда, әр сыныпта 25 оқушыға дейін сабақ жүргізіледі. Ал жоғары сыныптағылар (9, 11 12) аптаның 6 күні ішінде аралас форматта оқиды: пәндердің 70%-ы штаттық режимде, 30%-ы қашықтан оқытылады.

«Білім беру мекемесі әкімшілігінің шешімі бойынша сабақтан тыс уақытта 15 адамнан аспайтын топтарда оқушыларды жеке оқытуға болады. Ал колледждердің, жоғары оқу орындарының I курс студенттерін штаттық режиде оқыту жалғастырылады», - делінген қаулыда.