ШҚО-да шенеуніктер қандастарға арналған қаржыны жымқырудың жолын тауып алған

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — ШҚО прокуратурасы бюджет қаражатын ұрлау схемаларын анықтады. 

кандасы
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы адамдарды ерікті түрде қоныс аудару қағидасының сақталуын тексеру барысында басқа елдерден азаматтарды көшіру үшін тұрғын үй сатып алуға бөлінген бюджет қаражатын ұрлаудың қылмыстық схемасын анықтады.

Бұл қаражаттың жалған сатып алу-сату келісімдері және үй сатушылармен сөз байласу арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, ұрланғаны анықталды.

Кейбір жағдайларда ұрлық мансап орталықтарының лауазымды тұлғаларының қатысуымен жүзеге асқан.

Мәселен, 2024 жылдың басында Моңғолиядан қоныс аударған үш отбасы жалпы сомасы 18 млн теңге тұрғын үй сатып алуға келісімшарт жасаса, оның 9 млн теңгесін қоныс аударушылар келісімшартқа қол қойғанға дейін төлеген-міс, ал қалған соманы орталық сатушылардың есепшотына аударған.

Содан кейін сатушылар ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырып, оны қоныс аударғандарға қайтарды, олар жеке қажеттіліктеріне, соның ішінде көлік сатып алуға жұмсады.

Тағы бір жағдайда қоныс аударушы 8 млн теңге сомасында үйді сатып алу-сату шартын жасасқан, оның 4 млн теңгесі экономикалық ұтқырлық сертификаты арқылы төленген.

Сонымен бірге, сатып алынған үй қирап, тұруға жарамсыз екені, ақшаны заңсыз алу мақсатында жалған келісімшарт жасалғаны анықталды.

Осы фактілер бойынша облыс прокуратурасы сотқа дейінгі тергеу бастады.

Тергеу мүддесі үшін қатысқан тұлғалар туралы ақпарат жарияланбайды.