ШҚО-да шетелдік көлікті заңдастыруға өтініш берген 150 адамның екеуі ғана жаңа нөмір алды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында шетелдік көлікті заңдастыру үшін ХҚО-ға 150 адам жүгінген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы ШҚО филиалы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, шетелдік автокөлікті тіркеу науқаны аясында Өскеменде алғашқы автокөліктер тіркелді.
ШҚО тұрғыны Анастасия Кузьмичева бүгін 2022 жылы Ресей Федерациясынан Өскеменге әкелінген көлігін тіркеді.
«Мемлекет берген бірегей мүмкіндікті пайдаланып отырмын. Бұл халыққа деген нағыз қолдау. Біз өте ризамыз. Көлігімді заңдастыра алғаныма өте қуаныштымын», - дейді ол.

Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстанда 150-ден астам адам көлігін заңдастыру бойынша өтініш білдірді. Олардың 90-нан астамы бірінші кезеңнің мақұлдауын алды. Әзірге жаңа нөмірді тек 2 автокөлік иесі тіркеді.
Көптеген тұрғынға заңдастырудан бас тартылған. Себебі көлікті елге әкелу туралы ақпарат табылмады, кедендік мәліметтер бойынша тексеру нәтижесі анықталмады.
Фото: «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы ШҚО филиалының баспасөз қызметі