ШҚО-да шілде айында аптап ыстық +35 градусқа дейін жетеді
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Синоптиктер Шығыс Қазақстан облысында шілде айының күн райы болжамын жариялады.
«Қазгидромед» РМК мәліметіне сүйенсек, айлық орташа ауа температурасы климаттық нормаға жақын болады.
- Айдың басы бірқалыпты жылы болмақ. Шілденің алғашқы онкүндігінде түнгі температура +7...+12 градустан +15...+20 градусқа дейін, күндіз +19...+24 градустан +27...+32 градусқа дейін көтеріледі. Онкүндіктің екінші жартысында күн сәл салқындауы мүмкін, - делінген ақпаратта.
Екінші онкүндікте ауа температурасы құбылмалы болады. Түнде +10...+20 градус, күндіз +22...+32 градус аралығында сақталады.
- Ең ыстық күндер айдың үшінші онкүндігінде күтіледі. Шілде айының соңына қарай ауа температурасы +30...+35 градусқа дейін көтерілуі ықтимал. Алайда айдың соңғы күндерінде күндізгі температура +24...+29 градусқа, түнде +12...+17 градусқа дейін төмендейді, - делінген хабарламада.
Шілде айында жауын-шашын мөлшері климаттық норма шегінде болады деп болжанып отыр. Ай бойы өңірде өткінші жаңбыр мен найзағай жиі байқалады.
Сондай-ақ синоптиктер секундына 15-20 метрге дейін жететін қатты жел болуы мүмкін екенін ескертті.
Еске салсақ, бүгін екі мегаполисте ауа сапасы нашарлайтындығы хабарланған.