ШҚО-да шілде айында аптап ыстық +35 градусқа дейін жетеді
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Синоптиктер Шығыс Қазақстан облысында шілде айында ауа райы қандай болатынын болжады.
«Қазгидромед» РМК мәліметіне сүйенсек, айлық орташа ауа температурасы климаттық нормаға жақын болады.
— Айдың басы бірқалыпты жылы болмақ. Шілденің алғашқы онкүндігінде түнгі температура +7…+12 градустан +15…+20 градусқа дейін, күндіз +19…+24 градустан +27…+32 градусқа дейін көтеріледі. Онкүндіктің екінші жартысында ауа райы сәл салқындауы мүмкін, — делінген ақпаратта.
Екінші онкүндікте ауа температурасы құбылмалы болады. Түнде +10…+20 градус, күндіз +22…+32 градус аралығында сақталады.
— Ең ыстық күндер айдың үшінші онкүндігінде күтіледі. Шілде айының соңына қарай ауа температурасы +30…+35 градусқа дейін көтерілуі ықтимал. Алайда айдың соңғы күндерінде күндізгі температура +24…+29 градусқа, түнде +12…+17 градусқа дейін төмендейді, — делінген хабарламада.
Шілде айында жауын-шашын мөлшері климаттық норма шегінде болады деп болжанып отыр. Ай бойы өңірде өткінші жаңбыр мен найзағай жиі байқалады.
Сондай-ақ синоптиктер секундына 15-20 метрге дейін жететін қатты жел болуы мүмкін екенін ескертті.
Еске салсақ, бүгін екі мегаполисте ауа сапасы нашарлайтындығы хабарланған.