ШҚО-да шомылу маусымы басталғалы бері 34 адам суға кетті

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша маусым айынан бері 34 адам суға кеткен. Қайғылы оқиғалардың негізгі себебі – қауіпсіздік ережелерінің сақталмауынан болып отыр.
Көз жұмғандардың 33-і жабдықталмаған жағажайларда суға түскен. Сондай-ақ олардың бесеуі мас күйде шомылған. Ал бір адам балық аулау кезінде батып кетті.
«Құтқарушылар жаздың алғашқы күнінен бастап профилактикалық шаралар, түрлі акциялар өткізіп келеді. Балалар судағы қауіпсіздік ережелеріне оқытылуда. Полицейлер, еріктілер жұмылдырылып халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. 5280 рет рейд ұйымдастырылды, демалушыларға 86055 жадынама таратылды. Базалардың иелерімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, азаматтардың қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету мақсатында 33 меморандум жасалды», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, бүгінде облыс аумағында 562 демалыс базасы бар. Оның 76-сы өзен-көлдер жағасында орналасқан.