ШҚО-да соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетілді

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Өскемендегі Сол жағалау саябағында жайылған дастархан басында өткен кездесуде соғыс жылдарындағы түрлі оқиғалар жайлы айтылып, сыр шертілді. 

ардагер
Фото: ШҚО әкімі баспасөз қызметі

Араға 79 жыл салып екі шығысқазақстандық ардагер Құрмат Рахимов және Павел Стрехоның Кенингсбергті азат ету шайқасында бірге қатысқандары белгілі болды. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев келіп, ҰОС ардагерлерін Жеңіс күнімен құттықтады.

ардагер
Фото: ШҚО әкімі баспасөз қызметі

«Жылдан жылға ардагерлердің қарасы азайып келеді. Оларды қамқорлыққа алып, көңіл бөлуіміз қажет. Өскелең ұрпаққа жеңістің қандай қиындықпен келгенін түсіндіріп, тәрбие беру керек. Келер жылы жеңістің 80 жылдық мерейтойын атап өтеміз. Осыған орай Өскеменде ескерткіш орнатып, шығысқазақстандық әрбір батырдың есімін жазу жоспарда бар», – дейді аймақ басшысы.

ардагер
Фото: ШҚО әкімі баспасөз қызметі

Кездесуге келе алмаған ардагерлерді үйлерінде құттықтады. Қазірде облыста соғыстың 14 ардагері және 5 мыңға жуық тыл ардагері тұрып жатыр. Мерекеге орай әр ардагерге 1,5 млн теңге және әр тыл ардагеріне 100 мың теңгеден өтемақы берілді. 

«Соғысқа Шығыс Қазақстаннан 90 мыңға жуық азамат аттанып, жартысы қайтып оралмады. Көзі тірісінде ардагерлерге көптеп көңіл бөліп жатырмыз. Әсіресе жастар осы жұмысқа белсенді араласып келеді», – дейді ШҚО Ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев.

Кездесу соңында облыс әкімі әр ардагерге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын, «ШҚО Құрметті ардагері» төсбелгісі мен естелік сыйлықтарды табыс етті.