ШҚО-да соңғы он күнде күйеуінен зәбір көрген 151 әйел полициядан көмек сұрады
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында соңғы он күнде күйеуінен зәбір көрген 151 әйел полициядан көмек сұраған.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, «Тұрмыс» жедел алдын алу шарасында отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынас саласында 770-тен астам құқық бұзушылық анықталды.
Облыс бойынша отбасында жиі жанжал шығаратын 185 адам есепке алынған. Оларға қатысты жәбірленушілерге жақындауға тыйым салатын қорғау ұйғарымы шығарылған. Алайда 37 адам аталған шектеулерді бұзып, жауапкершілікке тартылды.
- Жалпы 10 күнге созылған рейд барысында тәртіп сақшылары 3 мыңға жуық азаматты тексерді. Нәтижесінде 778 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. Сот шешімімен алкогольдік ішімдік ішуге және отбасында жанжал шығаруға тыйым салынған 81 ер адамға қатысты «ерекше талаптар» қойылды. Алайда бұл талаптарды орындамаған 37 азамат ҚР ӘҚБтК-нің 669-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды, - делінген ақпаратта.
10 күн ішінде күйеуінен зәбір көрген 151 әйел полициядан көмек сұраған. 11 жәбірленуші уақытша тұруға арналған баспанаға орналастырылды.
- Мәселен, полицияға 30 жастағы әйел хабарласып, күйеуінің мас күйде ұрып-соққанын айтқан. Тәртіп сақшылары әйел адамды дағдарыс орталығына жіберіп, ал құқық бұзушыны сот белгілеген арнайы талаптарды орындамағаны үшін жауапкершілікке тартты. Материалдар сотқа жолданып, заң бұзушы 10 тәулікке қамауға алынады, - делінген хабарламада.
Еске салсақ, осыған дейін Шығыс Қазақстанда қос азаматтықпен жүрген 7 адам анықталғаны хабарланған.