ШҚО-да соңғы бес жылда 200-ден астам дәрігер шетелде біліктілігін арттырды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында соңғы бес жылда 200-ден астам дәрігер шетелде біліктілік арттырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-да соңғы бес жылда 200-ден астам дәрігер шетелде біліктілігін арттырды

ШҚО әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, өңірде биыл денсаулық сақтау жүйесін дамытуға 30 млрд теңге бөлінген.

«2025 жылға дейін облыста 5,6 млрд теңгеге медициналық жабдықтар, оның ішінде аудандық ауруханалар үшін 3 млрд теңгеге 6 компьютерлік томограф сатып алу жоспарлануда. Биыл онкологиялық ауруларды ерте диагностикалау мақсатында Өскемендегі көпсалалы онкология және хирургия орталығында ғимаратты жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі уақытта қалада бірегей гематология орталығы мен 140 төсектік стационары бар аурухана кешенінің құрылысы жалғасуда», - дейді аймақ басшысы Даниал Ахметов.

Бұдан бөлек, Риддер қаласында бір ауысымда 500 адам қабылдайтын емхана құрылысы басталды. Ұлан ауданы Қасым Қайсенов кентінде 150 адам қабылдайтын емхана салынады.

Жалпы Шығыс Қазақстандағы ауылдарда 7,9 млрд теңгеге 36 медициналық нысан салу көзделіп отыр. Жыл соңына дейін 16 медициналық ұйымда күрделі жөндеу жүргізілмек.

«Өткен жылы гематология, нейрохирургия, кардиология, ана мен бала бағыттары бойынша облыстың 36 медицина қызметкері Израиль, Ресей және Германияның жетекші клиникаларында біліктілік арттырды. Осы жылы Израиль, Латвия, Германия және Ресей елдерінің емханаларында 27 дәрігерді оқыту жоспарланған. 2017 жылдан бастап облыстың медицина саласындағы 210 маманы шетелде өз біліктілігін арттырды», - дейді облыс әкімі.