ШҚО-да соңғы бес жылда 3 мыңнан астам медициналық заманауи жабдық алынды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат –Шығыс Қазақстан облысында соңғы 5 жылда медицина саласында халықаралық стандарттарға сәйкес келетін 3 мыңнан астам жабдық сатып алынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-да соңғы бес жылда 3 мыңнан астам медициналық заманауи жабдық алынды

ШҚО Ақпарат орталығының мәліметіне сүйенсек, өңірде тәуелсіздіктің 30 жылында медицина саласы қарқынды дамыды.

«Қазақстандықтар ем алу үшін шетелге шығуға мәжбүр болған еді. Шығыс Қазақстанда медицинаны дамыту бойынша қабылданған бағдарлама бұл жағдайды түбегейлі өзгертті. Соңғы 5 жылда халықаралық стандарттарға сәйкес келетін 3 мыңнан астам жабдық сатып алынды. Жедел жәрдем паркі 216 көлікке жаңартылды. Ауылдағы медициналық мекемелерді жабдықтау және оларды жоғары деңгейге көшіру бойынша шаралар да қабылданған», - делінген мәліметте.

Семей қаласының онкологиялық диспансерінің ядролық медицина орталығында Қазақстандағы алғашқы бірегей радионуклеидтік терапия бөлімшесі ашылды. Онда бүгінгі күні 100-ден астам науқас емделіп, 350-ден астам адам диагностикалық зерттеулерден өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев қорының қолдауымен алғашқылардың бірі болып Өскеменде «Қамқор» оңалту орталығы ашылды. Орталықта жаңа технологиялар, мамандардың білікті көмегі, механотерапия және тұз бөлмелері бар. Тірек-қимыл аппараты немесе орталық жүйке жүйесі бұзылған балалардың өз қатарластарымен бірге дамуы үшін жағдай жасалған.

«Өскеменде гематология орталығының құрылысы жалғасуда. Жасушалық және гендік-инженерлік технологияларды пайдалану жобаның бірегей ресурсы болады. Өңірде медицина кадрларын шетелдік клиникаларда онкология, кардиология және кардиохирургия, нейрохирургия, медициналық оңалту, гинекология сынды басым бағыттар бойынша оқуға жіберу бағдарламасы табысты іске асырылуда», - делінген хабарламада.