ШҚО-да сотталған ер адам Наурыз мейрамына орай ұлттық ыдыстар жасады

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында сотталған ер адам Наурыз мейрамына орай ұлттық ыдыстар жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-да сотталған ер адам Наурыз мейрамына орай ұлттық ыдыстар жасады

ШҚО бойынша ҚАЖ департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, ОВ-156/14 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан азамат Ұлыстың ұлы күні қарсаңында ағаштан ұлттық ыдыстар жасады.

Есірткі таратқаны үшін 11 жылға бас бостандығынан айырылған Бақытжан Тайсынов 2 жылдан астам уақыт бойы түрмедегі кәсіпорында жұмыс істеп, нәпақасын тауып жүр. Ол астау сынды ұлттық ыдыстарға «Наурыз мейрамы» сөзін лазермен күйдіріп жазды. Дайын өнім қазіргі уақытта Семей қаласының сауда орындарына жеткізіліп, үлкен сұраныспен сатылып кетті.

«Бақытжанның дайындаған ыдыстарын Наурыз мерекесі қарсаңында халық сыйлық ретінде сатып алды. Әрине, әр тауардың тез сатылуы кәсіпкерге қуаныш қой. Бұл нағыз тапқырлық болды. Қазіргі уақытта менің кәсіпорнымда барлығы 10 сотталған адам жұмыс істейді. Жалақыларын уақтылы алып отыр. Сотталғандар тарапынан ешқандай тәртіпбұзушылық көрген жоқпын. Түзету мекемесі ішіндегі кәсібім маған қалада орналасқан кәсіптерімнен қарағанда әлдеқайда тиімді», - дейді жеке кәсіпкер Наталья Турпатова.