ШҚО-да су мен жылуға қатысты ірі жобаларға қосымша қаржы бөлінбек
ӨСКЕМЕН.KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында бюджетті қайта бөлудің нәтижесінде бірқатар маңызды инфрақұрылымдық жобаларға қосымша қаржы құйылды.
Атап айтқанда, Риддер қаласындағы жылу желілері мен жабдықтарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 850 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл – өңір бойынша қаржыландырылған ең ірі жоба.
Өскеменде Лесхоз кентіндегі су құбыры желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жалғасады. Жобаның жалпы құны – 1,77 млрд теңге. Бұған дейін 772 млн теңге игерілсе, биыл 662,6 млн теңге бөлінді. Жобаны толық аяқтау үшін тағы 340,2 млн теңге қажет.
– Басты мақсат – елді мекендерді тұрақты жылумен және ауызсумен қамтамасыз ету. Барлық жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, – деп хабарлады облыс әкімдігінен.
Сонымен қатар Глубокое кентіндегі жылу желілерін қайта құруға — 250 млн теңге, Самар ауылындағы желілерді жөндеуге — 132 млн теңге бөлінді.
Ауылдарды сумен қамтамасыз ету мақсатында да бірқатар жобаға қаражат құйылды. Атап айтқанда Глубокое ауданына қарасты Белоусовка кентіндегі магистралдық су жүйесін жөндеуге — 100 млн теңге, Берёзовка ауылындағы су құбыры құрылысын аяқтауға —44 млн теңге, Шемонаиха ауданына қарасты Большая Речка ауылында су құбырын салуға — 39,5 млн теңге бағытталды.
Еске салсақ, осыған дейін қазақстандықтарға жылу үшін төленген 1,6 млрд теңге қайтарылатындығы хабарланған.