ШҚО-да су шайып кеткен жол қалпына келтіріліп жатыр
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында республикалық маңызы бар тасжолдың су шайып кеткен учаскесі әлі жабық тұр.

Өскемен-Алтай-Үлкен Нарын-Катонқарағай-Рахман қайнарлары» тасжолының 56-шақырымын қалпына келтіру жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстарға «ҚАЖсервис» ЖШС облыстық филиалы мен «Kurylys Group RK» ЖШС-нің тиегіш, автогрейдер, самосвал, экскаватор техникалары жұмылдырылған.
— Барлығы 3 100 тонна жартас топырағы төселді. Учаскені толық нығайту үшін қосымша 2 500 тоннадай материал қажет. Ол Осинов асуын айналып өтетін жолды қайта жаңғырту учаскесінен жеткізіліп жатыр, — дейді «ҚазАвтоЖол» ҰК ШҚО филиалының директоры Нұрбек Темірханов.
Жұмыс тәулік бойы, үзіліссіз жүргізіліп жатыр. Көлік қозғалысын қайта ашу 16 сәуір күні сағат 15:00–ге жоспарланған.
Еске салсақ, осыған дейін Шығыс Қазақстанда жолды су шайып кеткені хабарланған.