ШҚО-да су тасқынын болжау үшін гидробекеттер ЖИ-ге қосылмақ
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында биыл барлық гидробекеттерді жасанды интеллектіні қолдана отырып толық автоматтандырылған режимге көшіру жоспарланып отыр.
Бұған дейін деректер жинау көбіне қолмен өлшеуге тәуелді болса, енді үздіксіз цифрлық бақылауға басымдық берілмек. Қазір өңірде 26 гидробекет жұмыс істеп тұр. Биыл олар автоматты түрде деректерді өңдейтін бірыңғай жүйеге біріктіріледі.
– Биыл гидробекеттер толық автоматтандырылады. Бұл тек су деңгейін тіркеп қана қоймай, түрлі параметрлерді динамикада кешенді түрде талдауға мүмкіндік береді. Осы деректер негізінде жасанды интеллект элементтері енгізілген жүйе су тасқыны жағдайына болжам жасап, ықтимал қауіптер туралы алдын ала ескерту бере алады, – деп хабарлады ШҚО әкімдігінен.
Жаңа жүйе кеңейтілген деректер жиынтығына негізделген. Датчиктер су ағысының жылдамдығын, су көлемін, ауа райы жағдайларын және бұған дейін ішінара ғана ескерілген өзге де көрсеткіштерді тіркейді.
Жүйенің басты артықшылығы – жедел әрекет ету мүмкіндігі. Бұрын ақпарат белгілі бір кідіріспен түссе, енді өзгерістер іс жүзінде бірден тіркеледі. Бұл қажетті шешімдерді жылдам қабылдауға жол ашады.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінде мұндай технологиялар төтенше жағдайлардың алдын алу жүйесін күшейтетінін атап өтті.
– Цифрлық шешімдер мен автоматтандырылған мониторингті пайдалану – болжамдардың дәлдігін арттырып, гидрологиялық жағдайдағы өзгерістерге дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді, – деп хабарлады ведомство өкілдері.
Еске салсақ, осыған дейін Атырауда әкімдік тасқын кезінде апатты деп танылған үйлерін бұзбаған 99 тұрғынды сотқа бергені хабарланған.