ШҚО-да су тасқынының алдын алу: 174 көпір қардан тазартылды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында су тасқынының алдын алу үшін 174 көпір қардан тазартылып, өңірдегі қала, ауылдардың көшелерінен 168,6 мың текше метр қар шығарылды. 

мост
Фото: кадр из видео

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, су тасқыны жағдайына үздіксіз мониторинг жүргізілуде. Қазіргі уақытта жағдай тұрақты.

«Жергілікті атқарушы органдар ұзындығы 181 шақырымды құрайтын 170 канал мен арықты, 783 су өткізу құрылысын, 174 көпірді қардан тазартты. Жалпы өңірдегі қала, ауылдардың көшелерінен 168,6 мың текше метр қар шығарылды. 1 ақпаннан бастап облыс әкімінің өкіміне сәйкес жоғары дайындық режимі жарияланған. Жағдай қиындаса 2334 адам, 735 техника, 50 жүзу құралы мен 223 мотопомпа жедел әрекет ету үшін сақадай сай тұр», - делінген ақпаратта.

арық тазалау
Фото: ШҚО ТЖД

Су тасқыны салдарын жою және халықты эвакуациялау үшін ТЖД-ның 26 жол талғамайтын техникасы бар. Шығыс Қазақстан бойынша қалалар мен аудандардың әкімдіктері су тасқыны болған жағдайда халықты уақытша орналастыратын 153 пунктті белгіледі. Онда 17 мыңнан астам адам сияды.